Бүгін балабақшада ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, отбасы бюджетінің тиімділігі мен қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында "Ана капиталы" тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Бұл шараға балабақша тәрбиеленушілерінің аналары мен педагогтар қатысып, қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты — әрбір отбасының қаржылық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен қаржылық мүмкіндіктерді түсіндіру. "Ана капиталы" туралы ақпараттандыру, оның қолданылу шарттары, артықшылықтары мен болашақта отбасы бюджетіне қалай әсер ететіні туралы кеңінен әңгіме болды. Қатысушыларға "Ана капиталы" бағдарламасының негіздері түсіндіріліп, оның баланың білім алуына, денсаулығын жақсартуға, тұрғын үй мәселесін шешуге, сондай-ақ қосымша қаржылық мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынатыны жайында ақпарат берілді.
Шара соңында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, "Ана капиталы" бағдарламасының мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін қаржылық жоспарлауды дұрыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Әр отбасы өзінің қаржылық жағдайын бағалап, болашақта жанұяның әл-ауқатын арттыру үшін қосымша білім алуға және қажетті ақпаратты іздеуге ынталы болуға тиіс. Бұл шараның басты нәтижесі — аналардың қаржылық сауаттылыққа қызығушылығын арттырып, оларды білім беру жүйесіндегі барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға ынталандыру болды.

