Тақырыбы:
«Ата-ана мен балабақша: адал азамат тәрбиелеудегі серіктестік»
Өткізілу түрі:
Дөңгелек үстел, пікір алмасу, тренинг элементтері, ұлттық ойындар.
Қатысушылар:
Ата-аналар, қазақ тілі педагогтері, дене тәрбиесі нұсқаушылары.
Мақсаты:
- Ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты нығайту;
- Баланың адалдық, әділдік, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда ата-ананың рөлін айқындау;
- Ұлттық ойындар арқылы бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызын насихаттау.
Міндеттері:
- Ата-аналарға адалдық тәрбиесінің маңызын түсіндіру;
- Балабақша мен отбасының бірлескен жұмыс жолдарын қарастыру;
- Ұлттық тәрбиені отбасыға ендіру тәсілдерін талқылау;
- Пікір алмасу, тәжірибе бөлісу.
Өткізілу барысы
- Кіріспе бөлім (Зейнелсадыкова Е)
Бүгін біз “Ата-ана мен балабақша: адал азамат тәрбиелеудегі серіктестік” атты дөңгелек үстелге жиналып отырмыз.
Бәріміз жақсы білеміз: бала тәрбиесі үйден басталады. Баланың бойындағы адалдық, мейірімділік, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Ал балабақшада осы жақсы әдеттер жалғасып, нығая түседі.
Біз тәрбиеші мен ата-ана болып бір бағытта, бір мақсатта жұмыс істесек, балаға дұрыс үлгі көрсетіп, өмірге қажетті дағдыларды үйрете аламыз. Сондықтан бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – бір-бірімізбен пікір алмасу, бала тәрбиесіне қатысты ой бөлісу, бірге шешім табу.
Біздің ортақ тілегіміз – балаларымыздың адал, ақ жүрек, білімді, тәрбиелі азамат болып өсуі. Сол үшін бір-бірімізді қолдап, әр баланың дамуына жағдай жасау – бәріміздің міндетіміз.
Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта да осындай кездесулер арқылы байланысымызды нығайта түсеміз деп сенеміз.
- «Жүректен жүрекке» психологиялық жаттығуы (Конысбаева С)
Қатысушылар шеңберге тұрып, бір-біріне доп лақтырып, бала тәрбиесіне байланысты бір жылы сөз айтады:
«Сенімділік», «Адалдық», «Мейірім», «Ізеттілік», «Ар-ұят» т.б.
- Негізгі бөлім
Тақырыптық әңгіме: «Адалдық қайдан басталады?» (Идреийсова Н.О.)
Тәрбиелік бейнеролик
Адалдық туралы қысқа ролик көрсетіледі.
Талқылау: «Бұл видеодан не түсіндік?»
- Баланың мінез-құлқының қалыптасуы;
- Үйдегі үлгі-өнегенің рөлі;
- Ата-ана–тәрбиеші–бала үштағаны;
- Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу.
- Топтық жұмыс (Бердиева А)
Ата-аналар 2 топқа бөлінеді.
1-топ: Асық «Адал бала қандай болады?»
2-топ: Домбыра «Бала ең алдымен кімнен үлгі алады?»
(Топтар плакатқа жазып, пікірлерін қорғайды)
- Ұлттық ойындар бөлімі (Жарматов Н, Хайролла Р)
Тәрбиеші түсіндіреді: Ұлттық ойын — адамның ерік-жігерін, сыйластық пен әділдікті тәрбиелейтін құрал.
Ұлттық ойын 1: Арқан тартыс
Мақсаты:
– Балалардың күшін, төзімділігін, командалық бірлігін дамыту.
– Ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Шарты (ережесі):
- Ойыншылар екі топқа бөлінеді.
- Ұзын әрі мықты арқанның ортасы белгіленеді (лента байланады).
- Арқанның ортасы жерге сызылған сызыққа дәл келуі керек.
- Белгі берілгенде екі топ арқанды өз жақтарына қарай тарта бастайды.
- Қай команда қарсыласын сызықтан өз жағына қарай тартып өтсе – сол команда жеңеді.
Ұлттық ойын 2: Қазандық
Мақсаты:
– Балалардың ептілігін, дәлдік пен мергендігін дамыту.
– Кеңістікті сезіну қабілетін күшейту.
Шарты (ережесі):
- Жерге дөңгелек шеңбер сызылады — бұл қазандық.
- Әр ойыншыға бірнеше ұсақ тас немесе асық беріледі.
- Ойыншылар белгіленген қашықтықтан тастарын қазандыққа дәл түсіруге тырысады.
- Тасы қазандыққа дәл түскен ойыншы ұпай жинайды.
- Соңында ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.
Ұлттық ойын 3: Бес тас
Мақсаты:
– Саусақ моторикасын, ептілік пен шапшаңдықты дамыту.
– Зейінділік пен дәлдікті арттыру.
Шарты (ережесі):
- Ойыншыға бес кішкентай тас беріледі.
- Тастар жерге шашып тасталады.
- Ойыншы бір тасты жоғары лақтырып, сол кезде жердегі тастарды кезекпен жиып үлгеруі керек.
- Алдымен бір-бір тастан, кейін екі-екіден, үш-үштен т.с.с. жинау кезеңдері орындалады.
- Тасты жерге түсіріп алған ойыншы кезеңнен шығады, кезек келесі ойыншыға өтеді.
- Барлық кезеңді қателеспей аяқтаған ойыншы жеңімпаз болады.
6. «Ұлттық құндылықтар» -тақырыбында шанырақ әдісі арқылы сұрақ-жауап (Идреийсова Н)
- Қазақтың үш жүзін атаңыз? (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
- Өзіңіз білетін ақынның шығармашылығынан өлең оқу.
- Жеті атаны атаңыз?(Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене)
- Үш бәйтерек деп кімдерді атаймыз? (Б.Майлин, С,Сейфуллин, І.Жансүгіров)
- Қорытынды пікірталас (Қонысбаева С)
Болашақта балаңыздың нағыз азамат болып өсуі үшін, ол қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз? (Сұрақ қоя отырып, ойын ойнату)
Қорытынды сөз (Зейнелсадыкова Е.)
«Адал бала-елдің ертеңгі тірегі.
Біз бүгін бірге отырып, бала тәрбиесіндегі адалдықтың, бірліктің, өзара қолдаудың қаншалықты маңызды екенін тағы да айтып өттік.
Адалдықты балаға тек сөзбен емес, ең әуелгіде өз ісімізбен, өз мінезімізбен көрсетуіміз керек. Бала көргенін қайталайды, естігенінен гөрі, көргеніне көбірек сенеді. Сондықтан әрқайсымыз балаға жақсы үлгі болу – үлкен жауапкершілік.
Бүгінгі бас қосуымыз ата-ана мен балабақша арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтады деп сенемін. Бірлесе жұмыс істесек, балаларымыздың жақсы қасиеттері қалыптасып, болашағына дұрыс бағыт бере аламыз.
Уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет! Балаларымыз аман, тәрбиелі, адал азамат болып өссін!»

