Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында “Отбасылық шежіре шеруі” тақырыбында ерекше сайыс ұйымдастырылды.
Бұл сайысқа №58 “Өркен” балабақшасының ата-аналары атынан Баубековтер отбасы қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге жағымды көңіл-күй сыйлады. Сайыс барысында отбасы мүшелері өздерін таныстырып, жеті атаға тоқталып, бай шежірелерін баяндады. Баубековтар отбасы үшін шежіре тек өткенді еске алу ғана емес, ол — болашақ ұрпаққа тағылым беретін маңызды мұра. Отбасы мүшелері өздерінің қыздарына шежіре туралы мағлұмат беріп, ұлттық тарих пен дәстүрлерді қадірлеудің маңыздылығын түсіндірді. Шежіре жайлы әңгіме барысында, олар Алтын Адамның тарихынан сыр шертті, бұл өз кезегінде ұлттық мәдениет пен тарихты жаңаша көзқараспен таныстыруға мүмкіндік берді. Сайыс соңында әділқазылар алқасы барлық қатысушыларды марапаттай отырып, Баубековтар отбасы “Тату отбасы” номинациясына ие болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл іс-шара биылғы “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында кеңінен ұйымдастырылып, кейін де жалғасын тауып отыратыны айтылды. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, еліміздің тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеудің маңыздылығын көрсеткен бұл ерекше алаң көпке үлгі болатынына сеніміміз мол.