9 желтоқсанда, №58 "Өркен" балабақшасында "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" аясында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл шара ата-аналар мен балабақша ұжымы арасында тығыз байланыс орнатуды көздеп, тәрбие жұмысының мазмұны мен бағыттарын түсіндіруге бағытталды. Іс-шараның басталуында музыка жетекшісі Аманжол Нағашбай ата-аналарға "Әке, ана" атты әсем әнін жолдады.
Бұл сәт ата-аналар үшін ерекше жылы және әсерлі болды. Балабақша психологі С.М. Слямова ата-аналармен қызықты тренинг өткізді. Келесі сөз кезегін балабақша меңгерушісі Г.Б. Мырзагулова алып, Біртұтас тәрбие бағдарламасының маңызы туралы қысқаша мағлұмат берді. Ол ата-аналарға тәрбиенің баланың дамуына әсері туралы айтып, балабақшадағы тәрбие жұмысындағы негізгі бағыттарды түсіндірді. Балабақша әдіскері А.Т. Молдахметова өз баяндамасында "Әкелер" мектебі мен "Аналар" мектебінің жұмысы жайлы сөз қозғап, осы мектептердің жылдық жоспарымен таныстырды. Бұл мектептер балабақшада ата-аналардың тәрбие ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Іс-шараның ең қызықты бөлімі ата-аналармен бірлесе отырып өткізілген "Тәрбие құндылықтары" тақырыбындағы шеберлік сағаты болды. Ата-аналарға "Ұлттық мүдде", "Ар-ұят", "Талап" тақырыптары беріліп, оларды талқылау үшін топтарға бөлінді. Әр топ өз пікірлерін ортаға салып, қызу дискуссияға түсті. Бұл процесс ата-аналарға тәрбие құндылықтарын тереңірек түсінуге және олардың балаларымен қарым-қатынастарында осы құндылықтарды қолдануға мүмкіндік берді. Іс-шара соңында қорытынды сөз сөйлеп, ата-аналар өз ойларын жеткізіп, өткен күннің әсері туралы пікірлерін білдірді.
Ашық есік күні ата-аналар мен балабақша ұжымының бірлесіп жұмыс істеуіне жаңа серпін берді. Мұндай шаралар балалардың тәрбиесі мен дамуына қоғамның барлық мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп тұратын болады.